АЛМАТЫ: БАС МҮФТИ МӘУЛІТ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыда өткен «Көркем мінез кемеңгері – Мұхаммед ﷺ» атты мәуліт кешіне қатысты.
Рухани мерекелік кешті Алматы қаласының орталық мешіті ұйымдастырып, оған зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен дін қызметкерлері, сондай-ақ мешіт жамағаты мен қала тұрғындары қатысты.
Алдымен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Республика сарайына» жиналған көпшілікті мүбәрак мерекемен құттықтап, Мәуліттің маңызына тоқталды.
«Исі мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айын асыға күтіп, рухани басқосуларда Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтады. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді.
Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда: «Аллаға шын мәнінде тәуекел етіп, Ақырет күнінен үміт етем деушілер үшін және Жаратқанды жиі-жиі еске алатын жандар үшін Алланың елшісі керемет өнеге бола алады» («Әл-Ахзаб» сүресі, 21-аят) деген.
Пайғамбар жолын ұстанған мұсылман қашан да айналасына мейірім танытып, шуағын шашып жүреді. Бес күндік өткінші өмірде бір-біріміздің көңілімізге қаяу түсірмей, керісінше жылы сөзімізді арнап, жылулық сыйлап, ағайын-туыс бауырларға, барша адамға дұға жасап, тілеулестік ниетімізді білдіріп жүргеніміз абзал.
Мәуліт айында барынша сауапты істерге ден қойып, құлшылық жасап, Алланың разылығын алуға асығайық. Әсіресе, Хақ елшісіне көбірек салауат жолдауды ұмытпайық» деді Бас мүфти. Кеш соңында Алматы арнасына мерейлі мәуліт жайлы сұхбат берді
Алматы қаласы дін істері басқарма басшысы Нұрлан Қиқымов мәуліт мерекесімен барша жұртшылықты құттықтады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін насихаттап, салауат жырларын оқыған қатысушылар мен көрермендерге алғысын айтты. Мәуліт кешін жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізген ҚМДБ Алматы өкілдігіне ризашылығын білдірді.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі