МӘУЛІТ 2021: АЛЛА ЕЛШІСІНЕ ﷺ САҒЫНЫШ ПОЭЗИЯМЕН ЖЕТКІЗІЛДІ
ҚМДБ Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен "КӨРКЕМ МІНЕЗ КЕМЕҢГЕРІ МҰХАММЕД" атты рухани мәуліт кешінде жас жеткіншектердің орындауында пайғамбарымыз жайлы поэзия мен монолог оқылды.
"Пайғамбарға махаббат, иманның асыл тірегі,
Есіл дертің сол үшін, бекісін нық боп жүрегің.
Жақсы көру белгісі – салауат айту әр мезгіл,
Құрметті затты ұлықтап, байлансын бек көңіл", - деп марқұм Садуақас қажы Ғылмани атамыз жырлап өткеніндей, қазақ халқында ардақты Пайғамбарымызға өлең-жырларын арнаған ақындарымыз өте көп. Түркі тілдес халықтар мен араб-парсы елдерінде қасида, яғни мадақ жырын айту кең таралған. Биылғы мәуліттің ерекше қойылымының бірі - жас жеткіншектер орындауындағы мадақ жырларын мәуліт кешіндегі көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Пайғамбар сүннетін өміріне темірқазық етіп өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің орындауында Алла Елшісі жайлы поэзия мен монолог оқылды.
Поэзиямен Пайғамбарға жыр арнаған ағайынды Абылай, Абай және Ерсейіт Рысбайтегі әсерлі өлеңдерін оқыды. Және Хадиша анамызға ұқсасам деп өсіп келе жатқан Хадиша Баймырза да әдемі дауысымен, өлеңмен өрілген сағыныш жырын жеткізді. Сондай-ақ, Серік Нұржан, Ертіс Ерасыл және Жаннат Тілепалды әсерлі өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді. Әр шаңыраққа осындай иманды да ибалы ұрпақ нәсіп болғай!