МӘУЛІТ 2021: ПАЙҒАМБАРҒА ﷺ АРНАЛҒАН ҚОС ӘННІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен "КӨРКЕМ МІНЕЗ КЕМЕҢГЕРІ МҰХАММЕД" атты рухани мәуліт кешіне арнайы жазылған қос әннің тұсауы кесілді.
Мәулітке арналған мерекелік шарада иләһи әндер мен термелер орындалып, пайғамбарға деген сағыныштар әнмен жеткізілді. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнайы жаздырылған "Пайғамбар өнегесі" және "Пайғамбарға сағыныш" әндері орындалды. Ердос Қанаевтың орындауындағы сөзін жазған Дидар Қамиев, әнін жазған Ерген Айтымбетов "Пайғамбар өнегесі" әнін көрермен қауым зор ықыласпен қабылдады.
Тарихта Сәубан есімді сахаба өткен екен. Бірде ол кісі Алла елшісімен бірге сапарға шыға алмай қалады. Пайғамбарды жақсы көргендігі соншалық, Алла елшісі сапардан оралғанша сағыныштан жүзі солғын тартып кетеді. Мейірім Пайғамбары сапардан оралған соң Сәубәннің солғын тартқан жүзін көріп: «Саған не болды, әй, Сәубән?» деп сұрайды. Сонда ол: «Уа, Расулалла! Мен үш күн сізден жырақ қалғанға шыдай алмадым. Сізге деген сағыныштан өзегім өртеніп кете жаздады. Ертең мәңгілік әлемде сізден жырақ қалуға қалай шыдамақпын?! Осы ой мені осындай күйге душар етті!», - дейді. Сол кезде Рақым Пайғамбары, өзін жанынан да артық жақсы көретін сахабаны: «Адам кімді жақсы көрсе, қияметте де сонымен бірге болады!», - деп жұбатқан екен. Баршамызға пайғамбарымызды жақсы көріп, оның асыл қасиеттерін бойымызға дарытсын деп тілейік.
Осындай сағыныштан туындаған «Пайғамбарға сағыныш» атты толғау әнші Жігер Ауыпбаевтың орындауында тыңдарман жүрегіне жол тартты.
Мерекелік шарада Айдар Тұрғанбек, Сержанәлі Әлібек, Ерген Айтымбетов, Райым Уайыс және Арман Ғабдуллин иләһи әндер мен термелер орындап, пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі