НАУРЫЗБАЙ АУДАНДЫҚ МЕШІТТЕРІ САУАТ АШУ КУРСЫН АЯҚТАДЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен қала мешіттерінде жүріп жатқан "Имани жаз" сауат ашу курстарын Наурызбай аудандық мешіттері бүгін аяқтады.
Наурызбай ауданындағы мешіттерде бір айлық “Имани жаз” мектеп оқушыларына арналған діни сауат ашу курстарын тәмамдаған шәкірттер арасынан белсенділігі және алғырлығымен көзге түскен алты шәкіртке велосипед сыйға берілді. Сонымен қатар қалған барлық шәкірттер де назардан тыс қалмай ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Аудан бойынша жеті Алла үйінде сауатын ашқан шәкірттерді "Әбу Бәкір" мешітіне жұмылдырған бас имам Нұрбол Тағаев білім мен тәрбиенің маңыздылығы жайлы насихат айтты. Мешіт ұстаздары ұсынған сыйлықтарға дән риза болған шәкірттер бірін-бірі қимастықпен қоштасып, тарқасты. Жалпы саны 170 шәкірттерге курсқа қатысқаны жайлы сертификаттар табысталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі