ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ АЛҒАШҚЫ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Алматы Орталық мешітінде алғашқы тарауих оқылды.
Наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы келіп жеткен он екі айдың сұлтаны Рамазан айымен жамағатты құттықтап, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы жамағатқа Орталық мешітте Рамазан айында өтілетін дәрістер, тарауих намазының оқылуын баяндап, хатым өтетін қариларды таныстырды. Биылғы жылғы Рамазан айында «Хусамуддин ас-Сығанақи» ислам институтының Алматы қаласы Құран ижаза бөлімінің директоры, бірнеше Құран жарыстарының жеңімпазы Ақжолтай қари Бақытжан, «Нұр-Мүбарак» университетінің түлегі, өткен жылғы Республикалық Құран жарысының мәнерлеп оқудан ІІІ орын иегері, белгілі қари Баубек Бердіғалиұлы, сонымен қатар Республикалық Құран жарысынан 20-пара, 10-пара бойынша бас жүлдегері, ең жас 10 жасар Нұртілеу Серікұлы қарилар Орталық мешітте хатым Құран түсіретінін жеткізді. Қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы дүйім жұрт асыға күткен рамазан айының келуімен құттықтап, сауапты айдың шарапатынан құр қалмай, ізгілікте бас қосқан жамағатты Рамазан айын ықыласты өткізуге шақырды.
Ынтымағы жарасқан жамағатпен 20 ракағат тарауих намазы оқылып, ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.
Сондай-ақ қаланың 50 мешітінде алғашқы тарауих намаздары оқылып, хатым Құран басталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі