РАНТ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен РАНТ мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған семинар мәресіне жетті.
Семинарда Бас мүфти «Уағыз айтудың әдебі мен уағызшының міндеті» тақырыбында дәріс оқыса, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы фиқһ әдіснамасындағы кейбір мәселелерді түсіндіріп өтті. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ершат Оңғар қызметке жауапкершілікпен қарау жөнінде ой-пікірін бөліссе, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков Ислам тарихындағы саяси оқиғаларды жіктеп берді.
Сондай-ақ РАНТ мүшелеріне Дін істері комитетінің діни қызмет саласындағы құқық қолдау практикасының басқармасының басшысы Бейімбет Қасымбекұлы («Зайырлылық және діни сенім бостандығы»), сондай-ақ блогер, SMM-маманы Тимур Бектұр («Әлеуметтік желіні тиімді пайдаланудың жолдары»), әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов «Қазақстандағы діни ахуал: негізгі тенденциялар мен проблемалар» тақырыбында дәріс оқыды.
Айта кетейік, екі күнге созылған семинар соңында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы спикерлерге алғысын жеткізіп, РАНТ мүшелеріне арнайы сертификат табыстады.