АДАСУШЫЛЫҚТАН АДА БОЛ!
Кәрі құрлыққа қазығын қаққан Қазақстанның татулық пен тұрақтылыққа, бейбітшілікке негізделген бірегейлігіне нұқсан келтіргісі келетін діни ағымдардан келетін қауіп орасан зор. Құшағына көптеген ұлттар мен ұлыстарды шоғырландырып, өзара ымыра мен бірлікте күн кешіп отырған осы күнімізді жоққа шығарғысы келетін теріс ағымды насихаттаушылардың көздеген мақсаттары тіптен бөлек. Елдегі тыныштықты қамтамасыз ету қай мемлекет үшін де аса маңызды. Әрі бұл назарда ұстауды қажет ететін ең басты қағидат екені айдан анық. «Бірлігі бекем болған ел озады» демекші, ел бірлігін ұстап тұру қиынның қиыны екенін барша жұрт біледі.
Енді осы жоғарыда айтылған мысалдарға кеңінен тоқталсақ. Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айдақтауға көнбіс тобырға айналдырып, оларды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс- әрекеттерді жасайтын болады. Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымдағыларды салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз.
Өзге ұлттардың сан ғасырдан бері ислам дінімен ұштасып келе жатқан салт-дәстүрін харамға, шірікке теңеп өз ұлтының дұшпаны қылуда. Ұлттық құндылықтарын білмеген, онымен мақтанбаған азаматтарда елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі жойылуда. Қазақтың қаншама қаракөз қыздары мен ұлдары тарихын, ата-бабалары ұстанған дәстүрлі діни танымын білмегендіктен, жалған діни ағымдардың жетегіне кетіп, бірі Сирия мен Иракқа кетіп жатса, енді бірі туған елінде лаңкестік әрекет жасауда. Лаңкестердің негізгі мақсаты дін үшін күрес емес, керісінше билік пен байлыққа жету. Сол себепті олардың идеологиясы адамдарды өздерінің топтарына тартып, саналарын радикалдандыру үшін неше түрлі құйтырқы айлаға барады. Солардың бірі – туған туыстарынан, ұлттық бірегейлігінен, соңында өзі тұрып жатқан мемлекетін жат қылып, өз еліне қарсы соғысуға үгіттейді. Қарулы жиһадқа шақырмас бұрын беташар, сәлем салу, ас беру, құран бағыштау, секілді дәстүрлерді ширк, харамға теңеп әбден саналарын улап, қоғамнан оқшаулайды.
Қоғамнан оқшауланып, заманға сай өмір сүрудің орнына орта ғасырдағы адамдар секілді өмір сүруді аңсайтын олар елімізді прогресске емес, керісінше құлдырауға апаратыны айтпаса да белгілі. Сондықтан елміздің тыныштығы мен татулығын сақтау, дамыған елдермен тереземіз теңестіру мақсатында қоғамның діни танымын дұрыс қалыптастыру аса маңызды. Радикализмді болдырмау күллі халықтық іс-шараға айналуы керек. Бұл ретте амалдардың ең сенімдісі – жас буынды рухани біліммен суару болса керек. «Антивирустың» екіншісі – ұлттық құндылықтар (тіл, тарих, салт- дәстүр) мен отбасылық тәрбие (бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет т.б.). Қалың жұртшылық осы бағыттарға күш салса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қорыта келгенде, Дін – мемлекеттің негізгі құраушы факторының бірі. Сондықтан да, еліміздегі ортақ ауызбіршілік, ішкі тұрақтылық, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – сіз бен біздің межелі міндетіміз, парасатты парызымыз екенін ұғынған жөн. Ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан, адасушылықтан ада болып, құндылықтарымызды құлдыратпауға күш сала білсек – замана көшіне ілесеріміз ақиқат.
Бақытжан Ақжолтай
Бостандық ауданы
«Бақыткелді» мештінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.