ИМАНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ
«Иманым – жиғаным» деп түсінген қазақ халқы ұл мен қызының тәрбиесіне аса мән беріп, олардың бойына имандылыққа негізделген құндылықтарды сіңіруге тырысқан. Халқымыз бала тәрбиесінде «Үлкеннің жолын кеспе!», «Үлкенге құрмет көрсет!», «Үлкендердің сөзін бөлме!» деп тәрбиелеген. Осы тәрбиенің нәтижесінде жас ұрпақ үйге келген үлкен кісілердің қолына су құйып, барынша қызмет көрсеткен. Ал өз кезегінде үлкен кісілер жас баланың бұл ілтипатына ерекше риза болып «Өркенің өссін!», «Өрісің кеңісін!», «Атадан озып туған ұл бол!», «Ниетіңе жет!», «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол!» деген батасын беріп, алғысын білдірген.
Осы көріністе үлкен тәрбие негіздері жатыр. Жас баланың үлкен кісіге қызмет етуі адамгершілік құндылықтардың бірі саналады. Өйткені, халқымыз үлкенге қарап бой түзеп, алдыңғы буыннан үлгі алған. Кез-келген істі қарттармен ақылдасып, ортақ мақсаттарды жүзеге асыруда ауызбіршілік танытқан. Себебі, Ислам дінінде үлкенді құрметтеп, кішіге ізет таныту – әрбір мұсылманға міндет. Өйткені, дін – тәрбие құралы. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім қариясын құрметтесе, ертең ол қартайғанда Алла оны құрметтейтін адамды жаратады», – деген.
Исламнан тәлім алған жұртымыз үйдің төріне үлкендерді шығарып, батасын алған.
Осы ретте оқырмандарға, жалпы ата-аналарға айтарым, үйімізде қартымыз болса, ұл-қызымызды сол үлкен кісілердің батасын алуға үйретуіміз керек. Мысалы, баламызды мектепке кетер алдында атасынан немесе әжесінен бата алуға үйретіп қойсақ, бұл әдет оның өмір сүру салтының біріне айналады. Баланың сөзі мен мінез-құлқын түзетудің де маңызы үлкен. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Сөзіңді түзе –әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады.
Мінезің – сенің тағдырың», – деген сөзінде терең мағына жатыр.
Баланың тәрбиесіне, оның бойына имандылық құндылықтарды сіңіру ісіне қажетті тәсілдің бірі – баламен көп сұхбаттасу, оның пікірін тыңдап, көзқарасын құрметтеу. Сонда ол да үлкеннің пікірін құрметтеуді үйренеді. Бала-шағамен бірге сапарға шығу – оларға жақындай түсуге итермелейтін істің бірі. Өзім әке ретінде баламен бірге ойнауға, оны оқытуға көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Шын мәнінде, бала үшін ата-анасынан асқан ұстаз жоқ. Қазақ халқында «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөз бар. Біз бұл мақалдан бала-шағамыздың тәрбиесі отбасыдан басталатынын айқын аңғарамыз.
Қоғамда имандылық құндылықтарды насихаттаудың өзегі – адамдарға жақсылық жасау және ізгілік істерді дәріптеу. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Өздерің үшін алдын-ала қандай да бір жақсылық жасасаңдар, оны Алланың құзырында жақсы әрі зор сый ретінде көресіңдер» («Мүзаммил» сүресі, 20-аят); «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның қайтарымы он есе беріледі» («Әнғам» сүресі, 160-аят). Қоғамға, айналамыздағы адамдарға қандай жақсылық жасасақ та оның қайтарымын Алла береді. Оған Құрандағы мына аят дәлел: «Зілзала» сүресінде: «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оның жақсылығын көреді». Қазақ халқында ғасырдан ғасырларға жалғасып келе жатқан жылу, асар сынды дәстүрімізді дәріптеуіміз керек. Тек дәріптеп қана қоймай нақты амалдарымызбен үлгі болғанымыз абзал. Сонда халқымыз жақсылық жасап, айналадағы адамдардың алғысын алуға асығады.
Алла Тағала Құранда «Фуссилат» сүресінің 34-аятында былай дейді: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді». Қоғамда кейбір адамдар біреудің қателігіне немесе әдейі істеген іс-әрекетіне өте өшпенділікпен жауап береді. Мұсылман баласы жаман іске жақсы амалымен жауап беруі тиіс. Өйткені, біз өзгелерді жөнге салушы мұсылман үмбеті болғандықтан, қоғамға, отбасымызға жақсы ісімізбен үлгі-өнеге көрсетуіміз керек.
Бауыржан қажы ӘБДІРАШҰЛЫ,
Алматы қаласы «Арафат» мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.