МАХАББАТПЕН ЖАРАТҚАН АДАМЗАТТЫ
Алла Тағала адам баласын ерекше жақсы көреді. Әрбір адамның орны Аллаға өте маңызды. Бүкіл жаратылысты адамзаттың ыңғайына сәйкестендіріп жаратқандығы кез келген есті адамға Алланың мейірімі екені анық байқалып тұр. Ешбір кемшіліксіз ғажап жаратылыс, адамзаттың еркін тыныстап, қалағанынша дамып, өркендеп өсуіне барлық жағдайды жасап тұр. Адамның сана сезімімен, жан дүниесін ерекше дамытатын ғылымға толы жаратылыс Алла Тағаланың пенделеріне деген аса сүйіспеншілігі екендігі даусыз. Бесіктей тербетілген жұмыр жердегі керемет жаратылыстармен санадан тыс алып жеті қабат аспандардың арасында Алла Тағаланың өзіне деген мейірімін көңілінде сәулесі бар пенде анық сезінеді. Шынымен де әрбір пенденің көңіл күйі, аброй беделі, ізгілікпен өмір сүруі Тәңіріміз үшін өте маңызды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рахман» сүресі, 29-аятында:
يَسْأَلُهُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ ۚ كُلَّ يَوْمٍ هُوَ فِي شَأْنٍ
«Көктердегі әрі жердегі әркім Одан сұрайды, Ол, әр күні шұғылдануда», – деп айтқан.
Аятта анық айтылып тұрғанындай Алла Тағала пенделерінің өмір сүруге қолайлы барлық жағдайлары реттеліп, Жаратушы арқылы істері жүзеге асуда. Атап айтқанда, жүрегінің соғуы, рыздық несібесі әрі оның бойына сіңуі, қанның айналуы сынды жағдайлардан бастап ұрпақ сүюі, еңбек етіп отбасын асырауымен дүние табуы, еліне жеріне қызмет етуімен сана сезімі сынды санап бітуге жетпейтін нығметтердің баршасын Алла Тағала күніге реттеп беріп отырғаны пенделеріне деген зор махаббаты.
Мейірімді Алла Тағала пенделерінің қиналғанын, бақытсыз болғанын қаламайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Таһа» сүресі, 2-аятында:
مَا أَنْزَلْنَا عَلَيْكَ الْقُرْآنَ لِتَشْقَىٰ
«Саған Құранды машақат үшін түсірмедік», – деп айтқан.
Адам баласына пайғамбарлар жіберіп, кітаптар түсіруі де Алла Тағаланың ерекше сүйіспеншілігі. Бұл аятта да Құранды адамзат машақатпен қиналып, бақытсыз болып өмір сүру үшін түсірмегендігін қайталап айтқан. Керісінше, Құран кітабы адамзаттың бұл дүниеде ізгілікен жақсылықта өркендеп дамып өмір сүруі үшін түсірілген. Сонымен қатар, мәңгілік өмірде де рахатқа батып өмірін жалғастырудың жолын көрсеткен. Ал, пайғамбарымыз (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды басшылыққа алып, адамның бақытты болып өмір сүруі үшін барлық қырларымен сырларын үйреткен. Бұның барлығы адамзатқа Алла Тағаланың аса сүйіспеншілігі мен махаббаты.
Өмірде адам баласының басында қиыншылықтар болады. Бұл қиыншылықтар көп жағдайда пенденің қателескеннен, істерін дұрыс жасамағандықтан орын алады. Пенде Жаратушының көрсеткен жолымен жүрмегендіктен көптеген қателіктерге ұрынады. Ал, Алла Тағала діні арқылы адамды дұрыс ойлауға, ақиқатқа сәйкес келетіндей шешімдер шығарып, тек оң істер ғана атқарып өмір сүруін үйретеді. Адам баласы әр дайым дұрыс әрекет жасау арқылы қиындыққа ұрынбайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Шура» сүресі, 30-аятында:
وَمَا أَصَابَكُمْ مِنْ مُصِيبَةٍ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ وَيَعْفُو عَنْ كَثِيرٍ
«Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді» – деп айтқан.
Егер пенде әрбір қателіктері үшін жазаланса, онда жер басып жүруге шамасы келмес еді. Алайда, мейірімді Алла пенделердің қаншама қателік істерін елемей, айыптарын жасырып мейірімін төгуде. Ал, пенденің қателік күнәлерінің салдарынан басына түскен қиыншылықта Алланың мейірімі. Себебі, солай тәубесіне түсірмесе пенде имандылығымен адамилық қасиетінен айырылып қалуы мүмкін.
Алла Тағала пендесін ең құрметті жаратылыс етіп ардақтады. Қасиетті Құранның «Бәйинә» сүресі, 7-аятында:
إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ أُولَٰئِكَ هُمْ خَيْرُ الْبَرِيَّةِ
«Күдіксіз сондай иман келтіріп, түзу іс істегендер; міне солар, жаратылғандардың жақсысы», – деп айтқан.
Осы аятта айтылғанындай иман келтіріп, ізгі іс жасаған пенде тіпті періштелерден де жоғары болатындығын түсінеміз. Етпен сүйектен жаратылған пенденің ешбір қателеспейтін нұрдан жаралған періштеден де жоғары болуына мүмкіндік беруі Алла Тағаланың пенделеріне деген махаббатын көрсетеді.
Алла Тағала хадис құддыста:
...خلقت الأشياء كلها من أجلك، وخلقتُك من أجلي...
«...Уа адам баласы барлық нәрсені сен үшін жаратым, ал сені өзім (құлшылық) үшін жаратым...»,— деп адам баласына ерекше сүйіспеншілігін білдірген.
Алла Тағала өзі үшін адамды жаратуы, адамға деген зор құрметі. Себебі, бір Аллаға құлшылық қылғанда ғана пенденің санасы және жан дүниесі азат болып өмір сүре алады. Ал, адам жаратылғандардан тәуелсіз өмір сүргенде ғана бақытты бола алады. Пайғамбарымыз (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың пенделеріне ерекше мейірімділігін баяндап айтқан хадистері жетерлікті. Атап айтқанда, Әбу һурәйра (Аллаһтың ризашылығы болсын) ол Аллаһтын елшісінің (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):
"عَنْ أبي هريْرَةَ، عن النبيِّ ﷺ قَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَغَارُ، وَغَيْرَةُ اللَّهِ تَعَالَى، أنْ يَأْتِيَ الْمَرْءُ مَا حَرَّمَ اللَّهُ عَلَيْهِ"
«Шындығында Алла Тағала қызғанады, Алла Тағаланың қызғануы пендесінің харам қылған істі жасап қоюынан қызғануы»,— деп айтқанын жеткізеді.
Пенде күнәлі іс жасау арқылы бақытсыздыққа ұрынады. Алла Тағала ерекше жақсы көретіндіктен пенделерінің бақытсыз болып жүргенін көргісі келмейді. Сол үшін де пенделері күнә жасауын қызғанады.
Сәл ойланып көңіл бөлген пенде Алла Тағаланың ерекше мейірімді екенін сезінеді. Құран Кәрімде Алла Тағала пенделеріне Өзін өте мейірімді әрі кешерімді екенін бірнеше мәрте баяндаған. Бұл арқылы Алла Тағала пенделерін мейірімді болуға тәрбиелеген. Ақиқатында Алла Тағала мейірімді пенделерін жақсы көреді. Пенделерінің өзара мейірімді болғандарына сауабы шексіз. Саналы өмірдің мәнімен сәні мейірімділікте екенін жақсы білетін Жаратушымыз адамзатты мейірімділікке шақырып, Өзін мейірімді деп таныстырған. Барша адам баласы мейірімді болып өмір сүріп, Алланың мейіріміне бөлене беруін тілейміз.
"Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті..."
Ахмадиев Серікхан
«Аманқұл ата» мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.