МІН ІЗДЕУ МҰСЫЛМАНҒА ЖАТ
"Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы" дегендей адам үшін баға жетпес құндылық, оның қадір-қасиеті һәм ар-намысы. Сондықтан да «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» десе керек ата-бабамыз.
Өкінішке орай, бүгінде әлеуметтік желі қолданушыларының арасында бір-бірінің ар-намысына тиіп, бөтен біреуді ғайбаттап-балағаттаушылар көбейіп барады. Кейбірі мәселенің байыбына бармай, естіген өсегін өрнектеп, сол оқиғаның куәсі болғандай майын тамызып тұрып жазады. Енді бірі жағымсыз пікір жазып отқа май құйып, жерден алып жерге салады. Тіпті, айыбыңды әлеуметтік желіде жариялап, масқара етемін деп қорқытып, бопсалаушылар да кездеседі. Бұны кибербуллинг дейді. Кибербуллинг – адамды интернетте яки әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау. Бұқара халықтың айыптауын яки қорлауы мен қорқытуын көтере алмаған кейбір адамдардың өз-өзіне қол жұмсауына да куә болудамыз.
Адамзаттың асылы, ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүз мыңнан астам халық жиналған қоштасу қажылығында: «Сендердің бір-біріңе ар-намысың, мал-мүлкің және жаның қастерлі, қол сұғу қатаң тиым салынды», - деген. Сонау он бес ғасыр алдын қоштасу қажылығында айтылған бұл сөздер қай қоғамда болса да басты құндылықтар болып қала бермек. Бұл өркениет шыңының негізгі принцептері. Адамның ар-намысын қастерлеу хақында Құранда Хұжұрат сүресінің 11-аятында: «Уа, иман еткендер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім, олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ, әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім, олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді кемсітпеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін пасықтық ат нендей жаман. Кімде-кім тәубесіне келіп, мұндай жаман қылықтан дереу арылып, Аллаға бет бұрмаса, міне, солар нағыз залымдар!», - деп ескертеді. Бұл аят қоғамның салауатын сақтайтын құнды қағида. Кез келген қоғамдық қарым-қатынаста осы ережені басшылыққа алу бізге міндет.
Сонымен қатар, хадисте кісінің жеке тұлғасын сыйлап құрмет көрсету, ар-намысына қол сұқпауға қатысты: «...Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды, жәрдемсіз қалдырмайды және қорламайды. Тақуалық міне мұнда (деп кеуде тұсын нұсқады). Кісі мұсылман бауырын мазақ етуі (қорлауы) жамандық ретінде жеткілікті іс. Мұсылман үшін әрбір мұсылманның жаны (өмірі), мал-дүниесі және ар-намысы қастерлі (қол сұғуға тиым салынады)», - деп айтылады. (Муслим, 2564). Сыртқы сұлулық сәнге айналған заманда тұла бойдың сымбатына ерекше мән беріп, жүрегімізден шығатын сөзге немқұрайлық танытпаған жөн. Сөздің таситын өзіндік салмағы бар. Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады деп бекер айтпаса керек.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянына арналған еңбектерде «Ифк оқиғасы» деген тақырып бар. Бұл Айша (р.а.) анамызға жала жабу оқиғасы. Осы оқиғаны Мұхаммед Саид Рамазан әл-Бутидің «Фиқһ сира набауия» кітабында былай баяндайды: Бұл һижраның алтыншы жылы еді. Мұсылмандар жорықтан қайтып келе жатқан. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында Айша анамыз да бар еді. Жол үстінде әскер аялдайды. Күймеден түсіп бой жазып қайта түйенің жанына келгенде мойнындағы моншағы үзіліп қалғанын мұсылмандардың анасы байқайды. Іздеп қайта айналып келгенде керуен көшіп кеткен екен. Айша (р.а.) анамыз салмағы жеңіл болғандықтан күймені түйеге жеккен кісілер ішінде адамның бар-жоғын аңғармайды. Қалып қойғанын түсінген Айша анамыз, іздеп қайта келер деп орнынан тапжылмай күтеді. Осылай отырған күйде қалғып кетеді. Әскер соңынан келе жатқан Сафуан бин Муғаттил алыстан адамның қарасын байқайды. Жақындап келіп дауыс шығарады. Көзі ілініп кеткен Айша анамыз орнынан тұрып бетін бүркейді. Мен бір ауыз сөз айтпадым, Сафуан да дауыс шығарғаннан басқа ләм-мим демеді. Түйесін шөктірді. Мен мініп алдым. Ол түйені жетектеген бойда керуен ізімен тездетіп жүріп кеттік. Түске таяу көшке келіп жеттік. Бұдан кейін менің ар-намысымды сөз еткендер құрдымға кетті. Өсектің басында мұнафиқ Абдулла бин Убай бин Сәлул тұрған еді, - дейді мұсылмандар анасы.
Мадина қаласына келген бойда бір ай ауырып төсек тартып жатып қалдым, - дейді Айша анамыз әңгімесін жалғастырып. Жұрт арасында менің артымнан қауесет айтылып, жала әңгімесі өршіп жатқан екен. Мұнан менің хабарым жоқ. Бір байқағаным, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауырған кезімде жұмсақ мәміле танытпады. Маған келіп, сәлемдесіп: Қалың қалай?, - дегеннен артық сөз айтпайтын. Аурудан оңалған түні Мистахтың анасымен түзге шықтым. Үйге қайтып келе жатқанда Мистахтың анасы етегіне сүрініп: Сорың құрысын, Мистах!, - деп баласын жазғырды. Мен: Мына сөзің неткен жаман еді. Бадрге қатысқан кісіні сөгіп тұрсың ба?!, - дедім (Бадр ғазауатына қатысқан кісі сахабалар ішіндегі ең мәртебелісі). Сонда Мистахтың анасы: Оның не айтып жүргенін естіген жоқсың ба?, - деп ел арасындағы қауесетті жеткізді. Мұны естіген соң ауруыма ауру қосылып таң атқанша жылап шықтым. Түнімен көзімнан жас тиылмады, ұйқы көрмей таң аттырдым.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқиғаға қатысты және отбасымен ажырасу жөнінде сахабаларымен ақылдаса бастады. Сахабалардың бірі: Уа, Алла елшісі! Ол – сіздің жұбайыңыз. Оны тек жақсы жағынан ғана танимыз, - десті. Кейбірі: Алла Тағала сізді қиыншылыққа салмайды. Әйел деген көп, - деп ажырасуын құптағандар болды. Кейбірі: қызметші әйел Барирадан да сұрайық, - десті. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны шақырып алып: Айшадан күдіктенетіндей бір жайтты байқадың ба?, - деп сұрады. Барира: Мен оны тек жақсы жағынан білемін, - деді. Бұдан кейін пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жиналған жұртқа мінберде тұрып: Уа, мұсылмандар! Менің отбасыма зияны тиген кісіні (Абдулла бин Убай бин Сәлулді) кім арашалап, ақтап алады?, - деді. Аус руының ақсақалы тұрып: Аустан болса басын алар едік. Ағайын Хазраж руынан болса, сіз айтқан үкімді орындайтын едік, - деді. Мешітте адамдардың дауысы көтеріліп, дауға айнала бастады. Мұны көрген пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұртты тынышталдырды. Ибн Сәлулдің екі жүзділігі көпшілікке құпия еді. Ол іштей пайғамбарымызды жек көретін. Себебі, Мадинаның байырғы халқы ағайынды Аус пен Хазраж руы оны өздерінің төресі етіп сайламақ болған. Алайда, оның бұл жоспары іске аспай қалді. Өйткені, Алла елшісі бұл қалаға хиржет етіп келген еді. Пайғамбардың көшіп келуі Ибн Сәлулдің жоспарын бұзып, төрелік уысынан шығып кетті.
Әке-шешем жағдайыма алаңдап қасымда отырған, осы кезде пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да кіріп келді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаңқу сөз басталғалы үйде тізе бүкпеген. Оның үстіне, бір айға жуық маған қатысты ешбір уахи түспеді. Ол кісі: Уа, Айша! Маған мынадай-мынадай сөз жетті. Арың таза болса, Алла Тағала намысыңды қорғайды. Ал егер, күнә істеген болсаң Алла Тағалаға истиғфар айт, тәубе ет, - деді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін тәмамдаған кезде көз жасым сап тиылды. Бір тамшы да түспеді. Әкеме: Алла елшісіне айтыңыз, - деп мені қорғауын сұрадым. Не айтарымды білмеймін, - деді әкем. Сіз айтыңыз, - дедім ана қарап. Мен не дерімді білмеймін, - деді шешем. Сонда мен: Түсіндім, естіген сөздеріңіз жүректеріңізге бек орнап, естігендеріңізді растаудасыздар. Менің арым таза деп айтсам, Алла менің таза екенімді біледі, сөзіме сенбейсіздер. Ал, қателестім деп мойындайтын болсам, Алла менің арым таза екенін біледі, ол сөзімді растауға даяр тұрсыздар. Сондықтан Юсуф пайғамбардың әкесі сияқты: «Енді маған жақсылап сабыр етуден басқа не қалды. Сендер айтып отырған бұл сұмдыққа қарсы бір Алладан ғана жәрдем тілеймін», (Юсуф сүресі, 18-аят) деуден басқа шарам жоқ дедім де төсегіме теріс айналып жатып алдым.
Осы сәтте пайғамбар орнынан қозғалмай жатып-ақ уахи түсті. Уахи түсердегі қиналыс күйі сезіле бастады. Бет-жүзінен моншақтап тері ағып жатты. Мұның барлығы уахидің ауырлығын білдіретін. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныш белгісі көрінді. Ол кісінің алғаш айтқан сөзі: Уа, Айша! Сүйінші, Алла Тағала сенің ар-намысыңды қорғауда, - деді. Шешем маған: Тұр орныңнан, алғысыңды айт, - деді. Жоқ, оған алғысымды айтпаймын. Мен тек Аллаға мақтау айтамын. Менің ар-намысым таза екенін айтқан (уахи еткен) Алла, - дедім. Қаңқу сөзді тоқтатқан аят: «(Уа, мүміндер, біліп қойыңдар! Шүбәсіз, пайғамбардың жұбайы - Айшаға) жала жапқандар араларыңдағы бір топ адам. Алайда, бұл оқиғаны өздерің үшін жамандық екен деп ойламаңдар. Керісінше, ол сендер үшін қайырлы болмақ. Ал жалақорларға келсек, олардың әрқайсысы осы іске қаншалықты қатысы болғанына қарай күнәға батты. Ал бұл іске мұрындық болып (ең көп араласып), ең үлкен күнәні арқалаған бас жалақор үшін алапат азап бар», - еді. Бұл – Нұр сүресінің 11-аяты еді.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұртты жинап бұл оқиғаға қатысты түскен аятты оқып берді. Бұдан кейін жұрт арасында өсек таратқан Мистах бин Усәсәт, Хасан бин Сабит және Хамнә Жахшқызына дүре соғылды. (Әбу Дауд, Ибн Мажа).
...Құран Кәрімде Һумаза сүресінің алғашқы аятында: «Әрбір (ел-жұртты менсінбей) сынап мінеуші, ишарамен ымдап келемеждеп, кемсітушінің жағдайы қандай өкінішті!», - деп баяндайды. Демек, негізсіз қараламақ түгілі ым-ишарамен де мұқату және келемеждеуге тиым салынатыны айтылып тұр. Кісі бойынан мін іздеу мұсылманға жат қылық. Мұсылманның ұстанымы, өз бойындағы мінді табу. Өз қате-кемшілігін түзетумен айналысу. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Мұсылман – мұсылманның бауыры. Бауырының кемшілігін шын түзеткісі келген адам жұртқа масқараламайтыны мәлім. Өзіне ғана айтумен шектеледі. Ал, әріптестер көзінше немесе әлеуметтік желіге жариялаған «жанашырлық әрекеті» жығылғанға жұдырық болары сөзсіз. Мұны шынайы жанашырлық деуге келмейді.
«Бұл дүниеде кісі айыбын жасырғанның қияметте Құдай айыбын жасырады» деген хадис бар. Маһшар майданында бүкіл адамзаттың алдында айыбыңыздың ашылмағанын қаласаңыз, лайк үшін бұл дүниеде бөгде жанның айыбын ашпаңыз. Кісінің ар-намысы мен жеке басына құрмет көрсетейік. Әлеуметтік желіде кісі баласының айыбын ашып не болмаса кемшілігін жазып, оның кибербуллинг құрбанына айналуына себеп болмайық.
Төлеби ОСПАН,
Алматы қаласының бас имамы
Munara газеті №16 (46)
24.08.2021 ж.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.