Құран жайлы 40 хадис: 18-ХАДИС
Он сегізінші хадис
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: "بَعَثَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَعْثًا وَهُمْ ذُو عَدَدٍ فَاسْتَقْرَأَهُمْ فَاسْتَقْرَأَ كُلَّ رَجُلٍ مِنْهُمْ مَا مَعَهُ مِنْ الْقُرْآنِ، فَأَتَى عَلَى رَجُلٍ مِنْهُمْ مِنْ أَحْدَثِهِمْ سِنًّا فَقَالَ: مَا مَعَكَ يَا فُلَانُ؟ قَالَ: مَعِي كَذَا وَكَذَا وَسُورَةُ الْبَقَرَةِ. قَالَ: أَمَعَكَ سُورَةُ الْبَقَرَةِ؟ فَقَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَاذْهَبْ، فَأَنْتَ أَمِيرُهُمْ. فَقَالَ رَجُلٌ مِنْ أَشْرَافِهِمْ: وَاللهِ يَا رَسُولَ اللهِ، مَا مَنَعَنِي أَنْ أَتَعَلَّمَ سُورَةَ الْبَقَرَةِ إِلَّا خَشْيَةَ أَلَّا أَقُومَ بِهَا. فَقَالَ: رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: تَعَلَّمُوا الْقُرْآنَ وَاقْرَءُوهُ، فَإِنَّ مَثَلَ الْقُرْآنِ لِمَنْ تَعَلَّمَهُ فَقَرَأَهُ وَقَامَ بِهِ كَمَثَلِ جِرَابٍ مَحْشُوٍّ مِسْكًا يَفُوحُ رِيحُهُ فِي كُلِّ مَكَانٍ، وَمَثَلُ مَنْ تَعَلَّمَهُ فَيَرْقُدُ وَهُوَ فِي جَوْفِهِ كَمَثَلِ جِرَابٍ وُكِئَ عَلَى مِسْكٍ" (رواه الترمذي، وابن ماجه، وابن حبان).
Әбу Һурайрадан (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше адамнан тұратын бір топты жорыққа аттандырды. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оларды жорыққа аттандырып жатып әрқайсысынан неше сүре жаттағанын сұрады. Олардың арасындағы бір жас жігітке келіп: «Уа, пәленше, сен неше сүре білесің?» – деп сұрады. Әлгі жігіт: «Мынадай және мынадай сүрелерге қоса «Бақара» сүресін білемін», – деді. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сен «Бақара» сүресін білесің бе?» – деді. Әлгі жігіт: «Иә», – деді. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Бар, сен осы топтың сардары боласың», – деді. Топ ішіндегі бір сыйлы адам: «Алланың атымен ант етейін, «Бақара» сүресімен амал ете алмаймын деп қорыққанымнан, оны оқып үйренбедім», – деді. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды үйреніңдер, оны оқыңдар. Құран оқуды үйреніп, оны оқып, оған амал еткен адам жұпар иісі барлық жерге жайылған мискке толы құтымен тең. Ал Құран оқуды үйреніп, оны оқымай, оған амал етпеген адам іші миске толы, бірақ аузы жабық құтымен бірдей», – деген» (әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, Ибн Хиббан)[1].
[1] «Сунан әт-Тирмизи», «Құранның артықшылықтары» бөлімі, «Бақара» сүресі мен «Аятул-курсидің» артықшылығы» тарауы, (2876). «Сунан Ибн Мәжаһ», «Кіріспе» бөлімі, «Құранды үйреніп оны біреуге үйреткен адамның артықшылығы» туралы тарау, (217). «Сахих Ибн Хиббан», «Намаз» бөлімі, «Имамға бағынудың парыздылығы» туралы тарау, (2126); «Түнгі намаз» тарауы, (2578).
Хадистің мағынасы: Хадисте Құран оқитын адамның шарапаты Құранды естіп отырған адамға да тиетіні айтылған. Олар естігендері үшін сауапқа кенеледі. Әрі Алланың сөзін естіп жүректері орнығады. Қари адам ішінде миск сақтаған құты сияқты. Егер оның аузы ашылса, ішінде сақтаған жұпар иіс айналасына жайылады. Ал Құранды біліп, бірақ оны оқымаған мұсылман басқа адамдарға шарапаты тимейтін, ешкіммен пайда бөліспейтін адам сияқты. Ішінде миск сақтаған аузы жабық құтымен тең. Иісі айналасына тарамайды.
Кітаптың авторы: Ғұлама Мулла Али ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари (1014 һ.ж.)
Хадистерді талдап, түсініктеме берген: Махмуд Шакур ибн Махмуд әл-Хажи Әмрир әл-Маядини
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.