ШЕТЕЛДЕ ДІНИ БІЛІМ АЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта біздің алдымызға қойылған негізгі талаптардың бірі – білікті кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі тұрды. Мұның ішінде дін саласы да бар. Егемендіктің алғашқы жылдарында дін саласында шет елдерде оқуға қызығушылар азшылықты құраған болса, қазіргі кезде көптеген жастар шет елдердің діни оқу орындарында білім алуды құптайды. Негізі шет елдерде білім алудың еш ағаттығы жоқ. Себебі білім алушы жүйе, құқық, білім беру, мәдениет, тәртіп, тіл, ойлау салыстыру арқылы шыңдала түседі, өрісі ашылады. Оның ішкі мазмұны басқа мәселе, әрине. Бұл жердегі сөз дін құбылысына қатысты болмақ.
Дін үйренемін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады. Бұл дегеніміз, олар шетелдерде алған діни танымы арқылы сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын, діни тәжірибесін яғни басқа мәдениеттің тарихи жүріп өткен жолы мен құқықтық дүниетанымдық қабатын өздерімен бірге алып келеді. Олар өзімен ғана шектелсе құба құп, бірақ олар ең дұрыс жол осы деп, өзге азаматтарды да шатастырады.
Кез келген мұсылман елдеріндегі білім беру стандарттары, методикасы, мазмұны, сол жергілікті жердегі хужрада, жамағаттық, тариқат не саяси ағым не партия ықпалындағы діни ағымдардың бағыттарымен берілетінін ескеруіміз керек. Өзге елдің діни білім беру жүйесі кез келген орталықтың арнайы білім беру стандарттарынан бөлек. Бұл діни тәжірибе салты әрі әлеуметтік психологиялық қалыптасуының орталығы екендігі жасырын емес.
Міне, шетелдердегі діни білім жүйесінің осы тұсы біздің елден барған діни білім алушы жастарымызға үлкен қауіп. Егемендік алғанда шет елге, әсіресе араб мемлекеттерінде білім алған жастардың танымына қарасаңыз, олардың әлі күнге дейін дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізудің байыбына бара алмайтынын, конституция мен шариғат, зайырлылық пен дін, діни тәжірибе мен діни сана арасын танымайтындықтарын көреміз. Бұған қоса, қазіргі күнде әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді.
Діни білімді өз елімізде алуға мүмкіншілік бар және жағдай жасалған. Еліміздің жастары қазіргі таңда діни білімді ресми отандық діни оқу орындарында алуға болады және олардың білім сапасы да шетелден кем емес. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасысына қарасты 1 ислам университеті мен 9 медресе жұмыс істейді. Елдің қиын экономикалық жағдайларына қарамастан, Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Алғаш құрылған жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің беделді діни оқу ордасына айналып үлгерді.
Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады.
Сапалы маман даярлау мақсатында Түркістан облысындағы «Шымкент» медресе-колледжі мен «Сарыағаш» медресе-колледжінеде жыл сайын гранттар бөлінуде. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған. Жоғары оқу орындарында дәстүрлі дінімізді дәріптеп жатқан университетер бар. Зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде бес жоғары оқу орнында, атап айтқанда, «Әл-Фараби» атындағы ҚазҰУ мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, «Е.Бөкетов» атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде дінтану және теология мамандары даярланады.
Қорыта айтқанда, шет елдердің діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде болса магистратура және доктарантура оқуға болады. Ал бастапқы білімді яғни, бакалаврлық базалық білімді шет елдердің діни білім орталықтарында алудың қажеттілігі жоқ. Өз елімізде білікті мамандар дайындалып жатыр. Дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.
Қашқынбаев Азамат
"Райымбек" мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.