ТАРИХИ САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ - ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Адам өмірге келгеннен бастап аңыз-әпсана, мифтермен әлеуметтік әлеммен бетпе-бет келеді. Аңыздар ауызекі мәдениеттің негізін құрайтын ең маңызды рухани мұралардың қатарына кіреді. Онда суреттелген кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар тыңдаушы мен оқырманға әсер етіп, оның мінез-құлық үлгілерінің дамуын жүзеге асырады. Осы тұрғыдан алғанда аңыздар адам психологиясына терең әсер ететін қуатты құрал болып табылады. Аңыздар қоғамдағы бірлік, ынтымақ, төзімділік секілді сезімдерді күшейтетін фактор ретінде қазақтардың өмірінде шешуші орын алады. Сонымен бірге олар діндарлыққа нәр беретін көздердің бірі ретінде алдымызға шығуда.
Аңыздық діндарлық – әсіресе Орта Азияда өмір сүрген түркі қауымдарында жиі кездесетін діндарлықтың түрі. Бұл саладағы жасалған зерттеулерден байқағанымыздай, түркілердің діни өмірі аңыз-әпсаналармен, мифология мен қиссалармен тығыз байланысты. Аңыздар қазақтарда өзін және қоршаған ортаны тану – әлемді тану процесінде жасалған алғашқы қадам. Өткенге көз жүгіртсек, қазақтар да басқа түркі халықтары сияқты көп қабатты наным-сенім сүзгісінен өткені байқалады. Исламнан бұрын от, жер, су, үңгір, ағаш культі сияқты сенімдермен, сонымен қатар буддизм, манихейлік, христиандық секілді ұлттық/әлемдік діндермен танысу мүмкіндігіне ие болған түркілердің, бұлардың мифологияларының да ықпалында қалғаны көрінуде.
Барлық қоғамдар байланыста болған өзге де қоғамдардың ықпалында болады. Түркі қауымдары да көшпелі өмір, соғыстар, сауда-саттық пен саяси қарым-қатынастар кезінде моңғол, қытай, орыс, иран және араб елдерімен ауқымды мәдени байланыстар жасады. Осындай қарым-қатынастардың нәтижесінде түркілердің күнделікті өмірінде біршама өзгерістер орын алды. Әсіресе, бұл өзгерістер дін, тіл, өнер, наным-сенім, дәстүр, әдет-ғұрып салаларында көрініс берді. Ғасырлар бойы жалғасқан әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастар да Орта Азиядан шыққан әртүрлі халықтардың бір-бірінен ауызекі сөздерінің таралуына септігін тигізді. Қазақтың ауызекі дәстүрі басқа көрші халықтардың дәстүрлерімен сіңісіп, қазіргі жағдайына жетті. «Мың бір түн», «Калила мен Димна» хикаялары, «Ләйлі мен Мәжнүн» ғашықтық хикаясы, Фирдаусидің «Шахнамасы», Румидің «Мәснауиі» қазақтар арасында жаңа форма иемденіп, қалың бұқараға жете білді. Шығыс хикаялары мен дастандарынан сусындаған халық өнерпаздары, ақын-жыраулары дін, имандылық туралы өлеңдер, насихат сөздерді айтуды әдетке айналдырды.
Көкілташ, Мир-Араб, Қарнақ секілді Түркістан өлкесіндегі орналасқан діни білім ошақтарында, әсіресе бастауыш сыныптарда оқытылатын сабақтардың бірі – қиссалар. Қасиетті мәтіндердегі қисаллардың аңыз, әпсана мен поэтикалық шығармаларға бейімдеу әрекеті қазақтарда «Діндарлық кезең түсінігі» ретінде танылған дәстүрдің негізін қалады. Зерттеушілердің пікірінше, Алтын Орда дәуірінен бастап Орта Азиядағы түркі елдерінде Кеңес үкіметі үстемдік құрған ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан бұл дәстүр қазақтардың ұлттық дүниетаным жүйесінде ерекше орын алды. Мұның барлығы қоғамның діндарлық туралы түсінігі мен діндарлық деңгейінің әртүрлі өлшемде көрінуіне мүмкіндік беретін факторлар болып саналды.
Бекжанов Құдірет Бақдәулетұлы
Жетісу ауданы
"Вайнах" мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.