ДАСТАРҚАН ӘДЕБІ
Қазақ халқында сақталған әдептілік дәрістерінен нағыз мұсылман ұстанымының көрінісін көреміз. Солардың бірі дастарқан әдебі туралы айтсақ. Халық санасында дастарқан мен асты ерекше қастерлеп, қадірлейді. Енді халық санасында сақталған сол әдептерді хадис шәрифтермен ұштастырып көрелік. Дастарқанға отырғанда Алланың атын ауызға алып, тамақты табақтың жақын жерінен оң қолмен алып жеу ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі әдеп. Бұл Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерінен алынған өнегелер.
عَنْ عُمَرَ أَبِي سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ لِي رَسُولُ اللُهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “يَا غُلَامُ سَمِّ اللَّهَ وَكُلْ بِيَمِينِكَ وَكُلْ مِمَّا يَلِيكَ”. مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.
Омар ибн Әбу Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Маған Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, бала! Алланың атын атап, оң қолыңмен же. Өзіңе жақын жерден же», – деп айтты». Асты ала бастағанда Алланың есімін айтуды ұмытып, кейіннен есіне түсірсе, «алдында да, аяғында да Бисмилла» десе болады.
إِذَا أَكَلَ أَحَدكُمْ طَعَامًا فَلْيَقُلْ بِسْمِ اللَّه , فَإِنْ نَسِيَ فِي أَوَّله فَلْيَقُلْ : بِسْمِ اللَّه فِي أَوَّله وَآخِر
Мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер де біреулерің тамақ жесе, «Бисмиллә» деп айтсын. Ал егер басында ұмытса, онда «Басында да, аяғында да «Бисмилла» деп айтсын», – деп айтты». Асқа сол қолын салған балаға үлкен кісілер оң қолмен жеуді үйреткен. Бұл келесі хадистен алынған тағылым болып саналады.
فعَنْ ابْنِ عُمَرَ رضي الله عنهما أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : ( إِذَا أَكَلَ أَحَدُكُمْ فَلْيَأْكُلْ بِيَمِينِهِ ، وَإِذَا شَرِبَ فَلْيَشْرَبْ بِيَمِينِهِ ، فَإِنَّ الشَّيْطَانَ يَأْكُلُ بِشِمَالِهِ ، وَيَشْرَبُ بِشِمَالِهِ ) . رواه مسلم ( 2020 ) .
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қайсыбірің тамақ жесе, оң қолымен жесін, ішсе де оң қолымен ішсін. Шындығында, шайтан сол қолымен ішіп, сол қолымен жейді»
Ислам бізге тек құлшылықты ғана үйретіп қоймастан, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі әрекетімізді, ішіп жеуге қатысты әдепті де үйретті. Әуелі астың адал әрі таза болу қажет екенін Алла бізге әмір еткен. Дінімізде күнделікті ішетін асымыздың және дастарқанда отырудың өзіндік әдебі бар екенін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге үйретіп кетті. Қазақ халқы осы әдептерді дәстүрге айналдырып, өміршең ете білді. Жалпы дастарқанда отырғанда мына төмендегі әдептерді сақтаған абзал.
- Тамақтанар алдында және тамақтанып болғаннан кейін қолды жуу.
- Тамақтануды “Бисмиллә” сөзімен бастау.
- Асты оң қолмен жеу.
- Тамақты шетінен бастап жеу.
- Алтын және күміс ыдыстармен тамақтанбау.
- Дастарқан үстінде шалқайып, жатып тамақтанбау.
- Дастарқандағы асты сөкпеу.
- Дастарқанда отырып тамақтану.
- Ас соңында Алла Тағалаға шүкірлік етіп мақтау айту.
Жоғарыда айтылған хадистер мен әдептерді әрқашан жадымызда ұстап, күнделікті тіршілігімізде әдетке айналдырғанымыз абзал.
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
"Әл-Мәдина" мешітінің найб имамы
Кертаев Бағлан Нұрланұлы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.