Отбасы жауапкершілігі
Ислам шариғатында отбасы болу, отау құру ғибадат болып есептеледі. Шаңырақ көтеріп отбасы болғаннан кейін, сол отбасыға ер адам жауапты. Сонымен қоса діни тәлім беріп, ұрпағының иманды болып өсуіне ата-ана тікелей жауапты. Алла Құранда былай дейді: «Әй мүміндер өздеріңді әрі үй іштеріңді отыны адамдармен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер; жуан денелі, қатал. Олар, Алланың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не, бұйырылса, соны орындайды» [1,560-б]
Мұжахид (р.а.) былай дейді: «Сіздер Алладан қорқыңыздар, және отбасыларыңызды Алладан қорқуға бұйырыңыздар. Осылайша тозақ отынан сақталған боласыздар» [2.т.7.347-б] – деген. Осы аяттардан түсінетініміз ер азамат әйеліне, балалары мен бауырларына Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан үйрету керек екенін түсінуге болады.
Пайғамбарымыз да (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде былай деген: «Ер кісі – отбасының бақташысы. Сондықтанда ол – қол астындағыларға жауапты» [3, 5789-б] – деп ер кісінің отбасындағы жауапкершілігін анықтап берген. Бала-шағасына адал ас алып барушы адамдарды Пайғамбарымыз (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) мақтап, оларды Алла жолында күресушілерге теңеген. Ислам шариғатында әйел мен балалары ер азаматқа аманат болғаннан кейін оларға жақсы қарап, киер киімі мен ішер асын, жайлы жатар орнымен қамтамассыз етуі ер кісінің мойнындағы міндеті екні айтылады. Отбасы бақытты өмір сүруі үшін бір – бірін құрметтеуі маңызды. Иманды бақытты отбасылар қандай да қиын – қыстау уақыт болмасын бір-бірін тастап кетпей, көмек қолын созатын отбасы болып табылады. Ер адам балаларымен сөйлесіп, сырласып, мұңы болса тыңдап олармен кең мәміле жасағаны абзал. Бақытты отбасы ислам шариғаты орындалып жатқан үй. Әрине бақытты отбасы болу кейбір қиыншылықтарды жеңу жолымен келеді. Сол жолда жас-жұбайларға ақыл мен сабыр, пайым-парасатты ұстану өте маңызды.
Адам өмірінде ең үлкен тәрбие мектебі ол - отбасы. Ыбырай Алтынсарин былай дейді: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған – туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Себебі ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» [4] – деп тәрбие отбасынан, ата-ананы сыйлаудан басталатынын жас ұрпаққа жеткізген. Алла Тағала баршамыздың отбасымызға екі дүние бақытын берсін. Кезінде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) өзінің жұбайларымен салауатты, бақытты ғұмыр кешті. Оның отбасындағы әрбір ісінде, сөзінде, көркем мінезінде Раббысы бұйырғандай Алла Тағаланың «Ниса» сүресіндегі: "Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар", – деген аятына байланған амал болатын. Өзінің мүбарак хадисінде: «Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын» деген.
Тұрмыс қамында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым әйелдерімен араласып, оларға барлық істерінде жәрдемдесетін. Отбасының тірегі-әке, отбасының жүрегі-ана. Пайғамбарымыздың осы аналарымызды сыйлауы қазіргі жастарға үлгі-өнеге болуы шарт. Әке - асқар -тау, шаңырақтың барлық ауыртпалығын көтеретін асыраушы,жақсы тәлім-тәрбие беруге міндетті адам.
Абай Құнанбайұлының қара сөзінде былай деген: «Хош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесіңбе? Білмейсің, бұрынғы өз күнәңді өзің көтергенімен тұрмай, балаңның күнәсіне тағыда ортақ боласың»[5,27-б.]. - деп ата-ананың баланың алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін, оларға жақсылап тәрбие беру, отанын сүйюге, елі мен жеріне аянбай қызмет етуге, адамдармен көркем мәміле жасауға шақырады. Ислам белгілі ұрпақты, тәрбиелеуге көңіл бөліп, тәрбиеленген буын өкілдеріне жауапкершілікті мойнындарына артады. Отбасын сақтап қалу үшін өз бойымыздағы кемшілікті дұрыстай білсек, отбасылық өміріміз де реттеледі. Өзімізді дұрыстауымыз қажет, білген нәрсемізді амал етуді үйренсек, үлкен белестерге қол жеткіземіз. Отбасында осындай діни тәрбие көрген жастар ұлағатты, үлгілі жанұя болары сөзсіз. Осындай тәрбие алған жастарда ажырасу жиі кездеспейді. Өнегелі отбасы болуда жас-жұбайлардың өзара сыйластық пен бір-біріне деген сенімдерін арттыры, бір-бірінің жауапкершілігін түсініп білуі маңызды.
Алматы қаласы Жетісу ауданы
«Сұлтан Қорған» мешітінің наиб
имамы Байдуллаев Унербай
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Құран Кәрім, Халифа Алтай, мадина, 1991ж
- Тафсирул ат-Табари, Абу Жағфар ибн Жарир ат-Табари, 2011ж
- Сахих Бухари, Абу Абдуллах Мухаммад ибн Исмайыл ал-Бухари, 1997ж
- Bilimdiler.kz
- Абайдың қара сөздері, Алматы, 1993 ж.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.