АЛМАТЫ: ЭМРУЛЛАҺ ҮЗҮМ НАИБ МҮФТИМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматыдағы кеңсесінде Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының Дін істері жөніндегі атташесі Эмруллаһ ҮЗҮМ ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлымен кездесті.
Эмруллаһ Үзүм Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына сәлемін жолдап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ұдайы бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді. Сөз кезегінде наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Рамазан айына орай жамағатқа тегін таратуға бірлесіп Құран Кәрім кітаптарын басып шығару жөнінде ұсыныс айтты. Эмруллаһ Үзүм ұсынысты қабыл алып, 5000 дана Құран Кәрім кітабы басылып шығаруға дайындық жұмыстары жасалып жатқанын хабардар етті. Наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлының жаңа қызметіне сәттілік тілеп кәдесыйлар алмасты.
Кездесу соңында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының Дін істері жөніндегі атташесі Эмруллаһ Үзүм "Қаңтар қасіреті" құрбандарына арнайы құран оқып, дұға бағыштады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі