Алматы Орталық мешіті ауласында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде
Алматы Орталық мешіті ауласында бірнеше аптадан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл игі іске жергілікті билік пен мешітке жанашыр кәсіпкер азаматтар қолдау білдіруде.
1998 жылы пайдалануға берілген Алматы Орталық мешіті жиырма жылдан бері қала тұрғындары мен қонақтарының құрметпен бас сұғып тұратын киелі ордасы, сүйікті құлшылық үйі ретінде қызмет көрсетіп келеді.
Ал бүгінде мешіт ауласындағы қырлы кеспе тастар (брусчатка) ескіргендіктен, орнына соңғы үлгідегі қырлы кеспе тастар, граниттер төселіп, жаңартылуда. Сонымен қатар, мешіт ауласының көркіне көрік қосатын ортасында Құран аяттары жазылған ратоны бар фонтан, жаңа орындықтар, балаларға арналған ойын алаңқайы, жарық бағаналары, сауда дүңгіршектері пайдалануға берілмек. Әрі аулаға ағаштар мен гүлдер отырғызылып, мешіт қақпалары ауыстырылмақ.
Бір айта кететіні, іске жарайтын қырлы кеспе тастар (брусчатка) жөндеуге зәру қала мешіттеріне жеткізілуде.
Имам Мүслім (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шынында, Алла Тағала көркем, әрі көркемдікті жақсы көреді...», – дегеніндей, мешіт пен мешіт ауласының таза әрі көрікті болуы дініміздің талабы мен әрбір адамның көңіл қалауы.
Сондықтан да, қала тұрғындары мен қонақтар, мешітіміздегі уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.
Azan.kz