БАС МҮФТИ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ӨТКЕН БРИФИНГКЕ ҚАТЫСТЫ
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен «Рамазан айына дайындық» тақырыбындағы брифингке қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Брифингте Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен құттықтап, қасиетті айда мешіттерде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті.
«Алла қаласа, Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. 2 мамыр – Ораза айт күні. Биыл ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Рамазан – тәрбие мен тағылымайы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай!» деді ҚМДБ Төрағасы.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасады. Бас мүфти кәсіпкерлерді қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім де кім бауырының қажетінөтесе, Алла оның қажетінде болады. Кім де кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді» деген. Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық!» деп, «Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық. Діни басқарма жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті айда «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрігі» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.