БІРҚАТАР ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫ ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ
Күні кеше Алматы Орталық мешітінде қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы бірқатар тамақтану орындары мен балабақша мекемесіне халал даму сертификаттарын табыстады.
Күллі мұсылман асыға күткен рамазан айында жұртшылықтың адал ас іздейтіні мәлім. Осыған орай Орталық мешітте тарауих намазының алдында шаһардағы "Келинка" және "Заказ плова" атауымен дәмді ас пен жеткізу қызметін ұсынып отырған тамақтану орындарына жаңадан ҚМДБ Халал Даму Сертификатын табыстады. "Тұтынушы талабына адал қызмет ету мен кәсіптеріңізге береке тілеймін", - деді бас имам.
Сонымен қатар қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы Алматы қаласында тұңғыш рет Бостандық ауданына қарасты балабақша асханасына ҚМДБ Халал Даму Сертификатын табыстады. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу орталығында тұтынатын ас мәзірі ата-аналар тарапын көп толғандарған мәселе болған. Осыған орай мекеме басшылығы бүлдіршіндерге ұсынатын ас мәзірін толықтай халал стандарттары негізіне көшіріп, бүгінде "Ән-Ниса" балабақшасының асханасы халал ас мәзірін растайтын құжат алды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі