«ҚОШ КЕЛДІҢ, РАМАЗАН!» ИГІ ШАРА ӨТТІ
Рамазан айының қарсаңында Алматы қаласының Алатау ауданы мешіттері бірлесе отырып «Қош келдің Рамазан» атты іс-шараны өткізді. Мерекелік іс-шара «Қарасай батыр» мешітінде наурыз айының 20 күні атап өтілді.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы «Қарасай батыр» мешітінде білім алып жатқан 400-ге жуық шәкірттердің ішінде үздік болып табылған Әділбекұлы Мерсейітке Рамазан айының соңғы он күндігіне Ұмра сапарына жолдама беріп марапаттады. Қалған шәкірттерге Алатау ауданының бас имамы Садиев Амантай алғысын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Сонымен қатар, мешіттің ауласында қошқар көтеру, қол күресі, арқан тартыс, асық ату, кір тасын көтеру секілді ұлттық ойындары ұйымдастырылып, жүлделі орын алғандар бағалы сыйлықтарға иеленді. Дәмді көже пісіруден сайысқа түскен 15 мешіттің арасынан да жеңімпаздары анықталып, оларға өкіл имамның атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі