АЛМАТЫ: 200 БАЛАНЫ КИІНДІРДІ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен Орталық мешітте балалар жылына орай "Жылулық сыйла" қайырымдылық шарасы өтті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды "Балалар жылы" деп атауына орай жолдауды қолдау мақсатында ҚМДБ Алматы өкілдігі жыл басынан бері бірнеше іс-шаралар өткізді. Балаларға жылулық сыйлаған кезекті игі шараны өкілдікке қарасты "Зекет және қайырымдылық" қоры мен 8 аудандық мешіттері бірлесе мұқтаж отбасыларынан 200 балаға қыстық күртешелер үлестірді. "Сау ұрпақ - ұлттың ертеңгі болашағы. Сондықтан балаларға қамқорлық, мейірім үлкендердің басты назарында болғаны жөн", - деді бас имам Төлеби Оспан. Ата-аналар қайырымдылық шарасына атсалысқан барша жандарға зор алғысын білдірді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі