ПРЕЗИДЕНТ АЛМАТЫЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына ресми сапары аясында шаһар жұртшылығымен кездесті.
Қаланың зиялы қауым өкілдері, мәдениет және түрлі сала мамандарымен қоса Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы бірқатар дін өкілдерімен бірге Президент кездесуіне қатысты. Мемлекет басшысы кездесу барысында еліміздің іскерлік, рухани, ғылыми және туристік орталығы саналатын Алматы қаласының дамуына, оның тіршілікке қолайлы, жайлы болуына айрықша мән беретіндігін жеткізді. «Халқымыздың біртұтас ұлт ретінде сақталуы қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғай білуімізге байланысты. Сол себепті, әрбір ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет. Азаматтардың бойында осы қасиеттер болса және еліміздің басты құндылықтарын орнықтыра білсек, болашағымыз баянды боларына кәміл сенемін. Мемлекетіміздің басты құндылықтарына тоқталайын. Ең алдымен – ел бірлігі. Еліміздің бүтіндігі, жеріміздің тұтастығы, қоғамның тұрақтылығы және тыныштығы берекелі бірліктен басталады. Тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан Қазақстанның барша азаматтары – біртұтас халық, біртұтас ұлт. Бұл – ешқашан мызғымайтын қағида. Себебі, бұл қағида еліміздің тұрақтылығын, жалпы айтқанда, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», - деді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы елеулі жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Алматы қаласының бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі