КОНКУРС: ҰМРА ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ
Дін – насихат. Асыл дініміз насихат етумен тарайды. Алматы қаласы өкілдігінің бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымдары «Munara» газеті мен «Иман» журналы арқылы дініміздің құндылықтарын бұхара халыққа насихаттау мақсатында конкурс ұйымдастырған болатын. Алматы қаласының тұрғындары муфтияттың төл басылымдары «Munara» газеті мен «Иман» журналына Қазпошта арқылы жазылып, бас жүлде ҰМРА қажылығына жолдама мен қаржылай және бағалы сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.
Конкурс қорытындысына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен Астанадан арнайы келген «Munara» газеті мен «Иман» журналының бас редакторы Серікбол Хасан және қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы қатысты. «Жұртшылыққа дін насихатында аянбай еңбек етіп келе жатқан ҚМДБ төл басылымдары «Munara» газеті мен «Иман» журналы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қолдауымен бүгінде таралымы көбейген, қалың оқырманға дін мен дәстүрді дәріптеп жүрген бірден-бір басылым екені белгілі. Газет пен журналға жазылу арқылы үйіңіздің төріне руханият әлемі жетері сөзсіз», - деген наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы жазылушы оқырманға алғысын білдірді. Өз кезегінде бас редактор Серікбол Хасан алдымен қасиетті жұмаға тұспа-тұс келген ел Тәуелсіздігінің тұғырлы мерекесімен құттықтап: «Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүрген «Munara» газеті мен «Иман» журналының оқырмандарына зор алғысымды білдіремін. Алдағы жылдарда заманауи үлгіде ақпарат таратып, жұртшылыққа тың дүниелер ұсыну жоспарлануда» - деп, ұйымдастырушы Алматы өкілдігіне ризашылығын білдірді.
Газет пен журналға жазылушы оқырмандар қатысуымен ашық әрі әділ өткен конкурстың жеңімпазы анықталып, Алматы қаласының тұрғыны Қонысбекова Гүлнар Мұратқызы ҰМРА қажылығына жолдама ұтып алды. Сонымен қатар қаржылай жүлделер атап айтса,
- 100 000 теңге - 1 адамға;
- 30 000 теңге - 4 адамға:
- ҚМДБ халал сертификатын алған «NEO Saumal» ұлттық өнімдері - 10 адамға;
- "Dami" дәмхана желілеріне 10 000 теңгелік сертификат - 2 адамға,
- "Maki Maki" дәмхана желілеріне 10 000 теңгелік сертификат - 3 адамға;
- Қасиетті Құран Кәрім - 4 адамға;
- Мүфтият баспасының құнды кітаптар жиынтығы - 20 адамға; арналған сыйлықтар конкурс жеңімпаздарына үлестірілді.
«Конкурстың мақсаты Аталмыш басылымдарға халықтың жазылуын ұйымдастыру арқылы асыл дінімізді кеңінен тарату болмақ», - деп қорытындылады бас имам Төлеби Оспан.
Естеріңізге сала кетейік, конкурс жеңімпаздарына қаржылай және заттай берілетін сыйлықтар газет пен журналға жазылушылардың қаражатынан алынған жоқ. Қаражат демеушілер арқылы ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында конкурсты ұйымдастыруға атсалысқан демеушілер мен дін қызметкерлері алғыс хатпен марапатталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі