ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Орталық мешітте жұма уағызын айтты.
«Тақуалыққа қалай қол жеткіземіз?» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Тақуалық» сөзінің түбірі араб тілінде تَقِيٌّ сөзінен шыққан. Тілдік мағынасы сақтау, қорғау, аз сөйлеу деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алладан шынайы қорқу, күнәлі істерден сақтану, ұятты істен алыс болу, Алла Тағалаға бойсұнып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау сынды мағыналарды білдіреді. Жалпы алғанда тақуа сөзінің түпкі мағынасы – сырттан келетін қауіп-қатерге қарсы көзге көрінбейтін қамал тұрғызу дегенге саяды.
Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 102 аятында: «Уа, иман келтірген пенделер! Алла Тағаладан шынайы түрде қорқыңдар және мұсылман болған күйде жан тапсырыңдар», – деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:«Қай жерде болсаң да, Алладан қорық. Жамандық істеген болсаң, лезде оны жоятын жақсылық істе. Адамдармен көркем мінез-құлықпен қарым-қатынас жаса», – деп тақуалықтың сипатын баяндаған. Тақуалық – адам баласының Құдай алдындағы адал еңбегі. Алла Тағала маңдай теріне қарай тақуа жандарды Өз панасына алып, дүние мен ақыретте кезігетін қауіп-қатерден сақтайды» деді.
ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін Алматы жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.