«ҚҰРАН - КӨҢІЛІМНІҢ КӨКТЕМІ» РУХАНИ КЕШІ ӨТТІ
Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты «Таугүл-3» мешітінде қыз-келіншектерге арналған құран кеші өтті.
Шараның басты мақсаты: сауат ашу курсын тәмәмдап, құранға түскен мешіт шәкірттерін марапаттау және жамағатты рухани байытатын уағыз-насихат жүргізу болатын. Мешіт шәкірттері ұйымдастырған шараға бас-аяғы 150-ге жуық қыз-келіншектер қатысып, шағын мешіттің іші берекеге бөленді. Рухани кештің басты қонағы ретінде Үшқоңыр медресесінің ұстазы, қари Ғажап Жайнагүл ұстаз құранның құндылығы хақында уағыз айтып, құран жаттауда керек кеңестермен бөлісті. Сондай-ақ, «Таугүл-3» мешітінің шәкірттері оқыған құран хатымның батасын шығарды. Кеш барысында шариғи пәндерден интеллектуалды ойын ойнатылып, жеңімпаздарға Құран кітаптары сыйға берілді. “Қари қыз Фатима” атты көрініс қойылып, жиылған жұртты тағы да тебірентті. Кешті қолдап, арнайы келген Алматы қаласы, әйел-қыздар секторының меңгерушісі Гүлмира Ілесбайқызы қазіргі заманғы мұсылман қыздың бейнесі мен тәрбиесі қандай болу керегі жайында уағыз-насихат жүргізді.
Кеш соңында қыркүйек айынан бастап мешіттен сабақ алған шәкірттерге сертификат және Құран кәрім кітабы табысталды. Кеудесі қуанышқа толы шәкірттер тегін білімі мен тәрбиесін аямаған ұстаздарына ақ тілектерін жаудырып, алғыстарын білдірді. Еңбектеріне береке, жұмыстарына жеміс тіледі.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі