ҚҰРБАН АЙТ - 2022: МЕРЕКЕДЕ ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАЛДЫ
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Құрбан айт күндері қарттар үйіне барып, қарияларды мерекемен құттықтады.
Қаяу көңілге сергітер жылы лебіз білдіріп, Құрбан айттың маңыздылығы, сауабы мол ұлық мереке жайында сөз қозғады. Ибн Хиббан хадис кітабында: «Берекет араларыңдағы үлкендермен бірге» деп жазса, біздің қазақ мақалы: «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп қарияны үлкен байлыққа теңейді. "Ахмед, Табарани хадис кітаптарында, Убада бин Сомит (р.а.) риуаяты: «Үлкендерді құрмет етпейтін, жастарға мейірім танытпайтын, ғалымдарының қадірін білмейтін менің үмбетімнен емес» деп айтқаны бар. Әр шаңырақта өнегелі ұрпақтың өрелі биігінің кепілі болған ақсақал-қарияларымызға, ақ жаулықты әжелерімізге амандық тілейміз", - деді наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы. Қарияларға айттық сыйлықтар табыстап, Алладан денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй тілеп дұға жасады. «Көрегенді дін қызметкерлері біз секілді қарияларға келіп, сәлемдерін жеткізіп, елеп-ескеркергендеріне марқайып, көңіліміз көтеріліп қалды. Имандылық тақырыбындағы әсерлі уағыз-әңгімелеріңіз жігер беріп, насихаттарыңыздан қуат алдық", - деп ақсақалдар ризашылығын білдірді. Құрбан айтпен құттықтап, ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі