БІЛІМДІНІ, ҰСТАЗДЫ ҚҰРМЕТТЕУ
Аллаға мадақ, пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Ардақты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Шынында ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені", - деп білім иелерінің артықшылығын тайға басқан таңбадай анық көрсетіп берді.
Өнер білімнің жәй жапсарын меңгеріп көпке ұстаздық танытып жүрген білім иелеріне құрмет көрсету жоғары адамгершілік борыш. "Өнер тағына руқсатсыз отырар болар" - деп Мұзафар Әлімбай атамыз айтқандай халқымыздың дүниетанымында да өнер-білім иелерін сыйлауда өзгеше дара жол қалыптастырған. Ұрпақ тәрбиесінде ұстазды құрметтеу баланың әдебі ғана емес, ата-анасы да баласына білім берген ұстазды сыйлап құрмет көрсететін болған. Сол арқылы балаға білімнің берекеті дарып ұстазы жеткен жетістікке жетсін деп тілеген. Ал ұстазды сыйлап құрмет көрсету еріксіз бағынғаннан жақсы. Адам білім жолына түсіп шарапатынан үміттенсе, ұстазына құрмет ету арқылы білімнің берекесіне кенеледі. Өткен буын үлкендері балама батасын берсін деп білім үйретуші ұстазға «тілашар» құрмет сыйын тарту етіп ықыласын алған.
Хазірет Әли (р.а) сахаба: "Мен өзіме бір әріп үйреткеннің құлымын. Қаласа мені сатып жіберсін. Қаласа басыма бостандық берсін, қаласа құл етіп алсын", - деген екен.
Дініміз білімдіні сыйлау мен білім үйренуге қызықтырып қана қоймастан, ислам білімінің негізінде құрылған сенім діні екенін көрсетті. Бүгінде Ислам діні деп сипатталғанда бірден адамдар аузында көп айтылытын «ғылым, білім» сөзі ойға оралады. Халқымыз "Білім алу инемен құдық қазғандай", – дейді. Білімді игеру жолында ғұламалар тау асып, тас басып қауып қатердің сан алуанын бастан кешіп, саналы ғұмырларын сарқа жұмсаған.
Хафиз әл Хатиб әл Бағдади «әл Жамиғ ли ахлақ әр Рауи уә әдәбу әс Самиғ» еңбегінде Әби Ахмад ибн Наср ибн Ахмад әл Ғияди әл Фақиһ әс Самарқандидың: "Бұл ілімді дүкендерін бекітіп, бақшаларын тоздырып, бауырларынын жыраққа кетіп, қазасына бас қоспаған білімге құштар жандар ғана игереді", - дегенін жеткізген. Білімге жан дүниесімен беріліп, сол жолда құрбандық бергендерге ғана білімнің берілетінін түсінеміз.
Сондай ғалымдардың бірі Имам ибн Жарир ат Табари. Ғалым атамекенінен жырақта жүрген кезінде жоқшылықтың зардабын тартып, тіпті әкесінің оған жіберген қаражаттың кешіктірілуі себепті, қарны ашып, әбден қалжырағанда, үстіндегі жейдесінің жеңін сатып тамақ алып ішкен қиын сәттерді басынан өткерген.
Өз сөзінде: «Біз Рай қаласында Имам Мұхаммед ибн Хумайд әл — Разиден (Алла оны рақым етсін) білім алып жүрдік. Күнделікті ғылым-білім ізденудің қамы ғой. Әуелі Рай қаласынан шалғайда орналасқан бір ауылда тұратын Имам Ахмад ибн Хаммад әл — Дулабиға (Алла оны рақым етсін) да баратынбыз. Кейін оның дәрістерінен шыққан соң есі кеткен адамша ентіге жүгіріп, Имам Мұхаммед ибн Хумайд әл — Разидің (Алла оны рақым етсін) дәрістеріне үлгеруге асығатынбыз». Ғалымның білім жинау ісіне толыққанды уақыт бөле алмай қаламын ба деген уайымы өмірден үйленбей өтуге себеп болған.
Ал, Әһл-сүннет сенімінің көшбасшысы, Мазһабымыздың ұлы ұстазы Әбу Ханифа білім иелерін құрметтеудің жарқын үлгісін көрсеткен. Өзін жақсы көретін ұстазын Әбу Ханифа да жақсы көріп, мақтан ететін. Бірде: "Мен Хаммадқа кенеше жабыстым. Менің оған жармасқанымдай ұстазына басыбайлы байланған ешкімді көрмедім. Менің сұрақтарымның көптігінен: «Уа Әбу Ханифа! Басым ауырып, кеудем қысылып кетті» - дейтін. Өйткені өзінің ұстазының сахабалардың көзқарастары мен ілімін бойына жинаған дария екенін жақсы білетін. Өз ұстазы Хаммад білімге құштарлығының арқасында ұстазының бойындағы мол білімді сарқып алмайынша көңілі көншімейтін. Әбу Ханифа ұстазын жақсы көргені соншалық – ұстазы бақилық болып кеткеннен кейін де ұмытпай, жиі дұға тілеп: «Хаммад өмірден өткелі әр намаздан кейін ата-анаммен бірге оған да дұға тілеп келемін. Өзімнің білім үйреткен шәкірттеріме де әрдайым дұға тілеймін», - дейді. Оның ұстазына құрметінің шексіздігін: «Хаммадтың үйімен менің үйімнің арасын жеті көше бөліп тұрғанына қарамастан, ол жаққа қаратып аяғымды созған емеспін», - деген.
Халқымызда үлкендердің алдынан өту, батасын алу сынды істер білім иелеріне құрметтің көрінісі. Үлкендер мен білім иелері ұрпаққа ұлағатты сөз қалдыру, елдің береке бірлігіне атсалысуға, ар-ұятын сақтауға жастарды тәрбиелеген.
Сары Би атты ақылгөй ақсақал Даттың үйінде түстеніп отырғанда Сырым баланың әр сөзіне риза болып, былай өсиет айтыпты: «Балам, дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ел алдында беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады».
Балам!
Арлы ұжданды бол!
Елге деген парызыңды ұмытпа!
Намысыңды жастан сақта!
Халқыңды алалама!
Жақыныңды жаралама!
Қалысыңды қаралама!
Сары би айтқан осы өсиетті Сырым шешен қартайғанша есінен шығармаған екен .
Болмасаңда ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
«ондай болу қайда?» - деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз – деп Хакім Абай айтқандай ұрпақтарымыздың ұлағатты кісілерді құрметтеп, олардың берекелі ғұмырларын өмірде өнеге тұтпағы құба-құп іс.
Алатау ауданы
«Ер Жәнібек» мешітінің
бас имамы Әбілахан Ірсәлі
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.