ЖАРАТУШЫ АЛЛАҒА МАХАББАТ
Біздерді жоқтан бар еткен, біздерге сансыз, санаусыз, қисапсыз нығмет берген, мұсылман етіп жаратқан, біздерге мейірімімен соншалықты көп жақсылығын, игілігін нәсіп еткен Алла Тағаланы жақсы көру және Алла Тағаланың жақсы көретін амалдарын орындау әрбір мұсылман үшін маңызды.
Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала «Әл-Имран» сүресінде: «Егер сендер Алла Тағаланы жақсы көрсеңдер маған еріңдер, сол кезде Алла Тағала сендерді жақсы көріп, күнәларіңді кешіреді. Алла Тағала аса мейірімді, рахымды», - делінген. Және Алла Тағала «Бақара» сүресінің 165 аятында: «Ал иман келтіргендер Алланы бәрінен артық жақсы көреді» - делінген.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті» - деп Хакім Абай жырлағандай, ең кәміл махаббат - жаратқан Аллаға және оның Елшісіне деген махаббат.
Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Иман дегеніміз не?» - деп сұрағанда, Әзиз Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла мен Оның Елшісіне деген махаббаттың басқаларға деген махаббаттан жоғары тұруы», - деп жауап береді (имам Бұхари,Мүслим). Тағы бір хадисте: «Ешбірің мені отбасынан, мал-мүлкіңнен және барлық адамнан артық жақсы көрмейінше толық иман келтірген бола алмайсындар»,-дейді (имам Бұхари Мүслим).
Алланы жақсы көрудің маңыздылығы.
Алланы жақсы көруден асқан мәртебе жоқ. Көркем мінез, ізгі амал, жақсы қасиеттердің бәрі де - Алланы жақсы көру арқылы пайда болатын жемістер. Алланы бәрінен артық жақсы көру мәртебесіне Алланың сүйікті құлдары ғана жете алады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алла оларды жақсы көреді, олар да Алланы жақсы көреді», - деп сипатталады («Мәида» сүресі,54-аят).
Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш нәрсе кімде болса, онда ол иманның ләззатын татады. Олар: Алла мен Оның Елшісін барлық нәрседен артық жақсы көру: бір адамды жақсы көргенде тек Алла разылығы үшін жақсы көру: Алла оны күпірліктен құтқарғаннан кейін күпірлікке қайта оралуды өзін тозаққа тастағандай жек көру», - дейді (имам Бұхари).
Алланы жақсы көрудің деңгейлері.
Алланы жақсы көрудің он деңгейі бар:
Біріншісі: Байлану. Жүректің Алла Тағалаға байлануы;
Екіншісі: Қалау. Жүректің тек Алланы қалауы;
Үшіншісі: Ұмтылу. Жүректің Аллаға ұмтылғаны соншалық, иесіне бағынбауы;
Төртіншісі: Ажырамау. Жақсы көрудің бұл деңгейінде Аллаға деген махаббат жүректен мүлдем ажырамайды;
Бесіншісі: Шынайы махаббат. Махаббатың мәйегі десе де болады;
Алтыншы: Құштарлық. Махаббатың құштарлық деңгейіне жету. Имам Жүнәйд (Алла оны рақымына алсын): «Махаббаты құштарлы деңгейіне жеткен адам сатқындықтың өзін әділдік деп біледі» деген.
Жетінші: Ғашықтық, Иесін адам ойына келмеген қауіп-қатерге жетелейтін шектен шыққан махаббат;
Сегізіншісі: Ғашығының алдында өзін төмен санау. Сүйгеніне толық бағынып дегенін орындау;
Тоғызыншы: Құлдық. Алланы бұл деңгейде жақсы көрген адам өз мүддесі үшін ешнәрседе қалдырмайды.
Оныншы: Хуллә. Алланы шынайы жақсы көрген шын достарының махаббаты. Бұл ең жоғарғы деңгейге Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардан басқа ешкім жетпеген. Алланы осыншалық жақсы көрген жанның жүрегінде Алладан өзгеге ешқандай орын қалмайды.
Ахмад әр - Рифағи (Алла оны рақымына алсын): « Алланы шын сүйген адам өзін кішіпейіл етіп тәрбиелейді. Нәпсінің алдамшы дүниеге қызығуына тыйым салады. Қандай жағдайда болса да Алланың қалауын басқадан артық көреді. Алланы үнемі еске алып жүреді. Нәпсіге Алладан өзге нәрсеге құштар болуына жол бермейді. Алланың бұйырған құлшылығын толық орындайды», -дейді. Осылайша Алланы шын сүйіп, «Раббым» деп разы болатын адам жан мен тәннің тыныштығына қол жеткізе алады. Алланы жақсы көру арқылы екі дүние бақытын табады. Аллаға жақын болу арқылы шексіз нығметке бөленеді. Сол арқылы Алланың жомарттығын сезіне алады.
Сөз соңында Жаратушы Иемізге деген махаббатымыз арту үшін Әбу Дәрдадан (Алла оған разы болсын ) жеткен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келген Дәуіт Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасымен аяқтауды жөн көрдім.
«Уа, Алла! Маған сені жақсы көруді, Сені жақсы көрген пенделеріңнің махаббатын және махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нәсіп ет! Махаббатыңды маған өзімнен де, отбасымнан да тіпті салқын судан да жақсы көрсет!» (имам Тирмизи)
Жетісу ауданы
"Әл-Мадина" мешітінің наиб имамы
Кертаев Бағлан
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.