ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕРІ
Мұсылманшылықта мәйітті жерлеудің шариғи үкімі ижмағ бойынша - парыз кифая. Алайда мәйіт көмілмей қалса, сол аймақтың адамдары жауапты болады. Мәйіттің ер немесе әйел кісі, нәресте немесе жасы үлкен кісі шаһид немесе шаһид болмауы үкімді өзгертпейді. Бәрі де жерленуі тиіс.
Құран айттарында мәйітті жерлеу керектігін ескертеді: «Расында адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрлықта да теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әрі оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық» (Исра сүресі 70-аят).
Ажал жетіп өлгеннен кейін жерлеу рәсімі адам баласын ардақтау болып саналады. Керісінше адам баласының жерленбей, жиіркенетін жағдайда көмусіз қалдыру - күнә. Сүннеттен дәлел: Имам Бұхари Жәбир ибн Абдулладан (Алла оған разы болсын) мына бір хадисті жеткізген: «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ухұд шайқасында шейіт болғандарды бір қабірге екі кісіден жерлеуге кірісті. Көмудің алдында: «Қайсысы Құранды көбірек жаттаған» деп сұрады. Мынау деп көрсетілсе алдымен соны қабірге кіргізді. Артынша: «Қиямет күні мен бұларға куәгер боламын»,- деді. Осылайша оларды жуындырмай қанмен бірге көмуді бұйырды» (Бұхари риуаяты). Мәйітті жуу, кебіндеу және жаназасын шығару сияқты марқұмды жерлеуге апару да парыз кифая. Жерлеуге апарарда мәйіт салынған табытты төрт жағынан ұстап тербелтпей тездетіп жүріп отырады. Мәйітті жерлеуге көлікпен апаруға болады, алайда қабырстан жақын болса жаяу апарған абзал. Шетінеген нәрестені немесе одан үлкен баланы ер кісі қолына алып қабірстанға көтеріп апарады. Баланы ат үстінде отырып та апаруға болады. Үлкен кісіні ат үстінде көтеріп апару мәкрүһ, бірақ үзірлі жағдайда рұқсат етіледі. Әйел кісінің табытын мата не матаға ұқсас нәрсемен жауып қою сүннет. Жерлеп біткенше матамен көлегейлеп тұру қажет. Мәйітті қабірстанға дауыс шығармай апару сүннет, Құран Кәрім оқып зікір айтып дауыс шығару да мәкрүһ. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шарифінде: «Мәйітті шығарып салғанда, дауыс шығарып та шырақ алып та жүрмеңдер, сондай-ақ алдында жүруге болмайды», - деген (Ас-Суюти риуаяты).
Алланы зікір еткісі келген адам іштей зікір айтсын, сондай-ақ жаназаға шырақ немесе түтін түтеткіш апарылмайды. Шариғатқа теріс іс (музыка ойнау немесе әйелдердің айқайлап жылауы және т.б.) байқалса тыйым салу керек. Қазалы үйге көңіл айта келгендердің мәйітті қабірстанға дейін шығарып салуы және жерлеу рәсімі біткенге дейін күткені абзал. Мәйітті шариғатқа сай жерлеу - парыз кифая. Жерді аң қаза алмайтындай және иісі шықпайтындай терең қазу - уәжіп. Жер қыртысы қатты болса ақым жасау (үңгілеп қазу) сүннет. Ақым қабірдің төменгі құбыла жағынан кеңірек етіп қазылады. Ал жер қыртысы жұмсақ болса лақат қазу қажет емес. Мәйіт жүзі құбылаға қаратып оң жақ бүйірімен жатқызылады. Мәйітті қабірге жатқызар кезде «Бисмилләһи уа ъалә милләти (суннәти) Расулилләһи» (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) - деп айту сүннет. Абдулла ибн Омардан риуаят бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мәйіттеріңізді қабірлеріне қойған кездеріңізде: Бисмилләһи уа ъала суннати расулиллаһи деңдер» (Ибн Хиббан риуаяты). Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен қойғанда, құбылаға қарап жатуы үшін бас-аяғын қышпен немесе топырақпен сүйеп қою мұстахаб. Мәйітті табытқа салып жерлеу - мәкруһ, табытпен жерлеуге жер тек құмды немесе сазды болса ғана рұқсат етіледі. Бірақ табыт темірден болмауы керек. Мәйітпен бірге көрпе-жастық сияқты заттарды қабірге қою – мәкруһ. Мәйіт ақымға қойылған соң үш уыс топырақ салу – мустахаб. Сол топырақты мәйіттің бас жағына тастайды.
Аллаға шүкір еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері жаназа, жерлеу, ас беру тағысын тағы мәселелер реттеліп келеді. Кемшілік тұстары уақыт өте жолға қойылып келеді. Алла Тағала қайтқан мұсылмандарды рахметіне алсын!
Түрксіб ауданы
«Ынтымақ 1» мешітінің бас имамы
Ибрагимов Осман
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.