«ИСЛАМ ЖӘНЕ ІЗГІ ҚОҒАМ» СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен жастарға арналған «Ислам және ізгі қоғам» семинары өтті.
Алатау ауданы «Дархан» мешітінің имамы Айдос Шарапатбекұлы мен Наурызбай аудандық «Әбу-Бәкір» мешітінің наиб имамы Ерлан Құлмырзаұлының ұйымдастыруымен Алматы қаласында орналасқан «SmArt Point» шығармашылық дамыту кешенінде жастарға арнаған «Ислам және ізгі қоғам» семинары өткізілді.
Шара мақсаты ізгі қоғамды құруда жастар рөлінің маңызын айшықтау. Осы тұрғыда Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы рухани кешке қатысушыларға «Жастардың ізгілігі - қоғамды өзгертеді» тақырыбында насихат айтты. Соның ішінде жастарға мән беру керек нақты мәселелерге тоқталды. «Дұрыс сенім қалыптастыру, Отансүйгіштік қасиетті сіңіру, Жігітке жеті өнер де аз, Ерте жанұя құру, Жақсы жолдастар таңдай білу, Денсаулыққа мән беру, спортпен шұғылдану, Білім игеру. Міне, хадисте келтірілген қиямет күні Аршы саясында тұратын жеті түрлі адамның бірі - «Аллаға құлшылық етіп ер жеткен жас» осы болмақ. Расында, күш-қайрат пен ақыл-парасат жастарда», - деп атап өтті бас имам.
Ерлан Құлмырзаұлы «Білім – жетістіктің басы» тақырыбына тоқталса, Айдос Шарапатбекұлы шаңырақ құрған жастар мен шаңырақ көтеруге қадам жасаушы жастарға «Отбасы – ізгіліктің бастауы» жайында ой бөлісті.
Тренингке келген жастар осындай шаралардың көптеп өткізілуі қоғамға ауадай қажеттілігін айтып, ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын білдірді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі