АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ ОҚЫЛДЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен «Бір айда бір кітап оқу» жобасы аясында Абайдың қара сөздері оқылып, шәкірттер арасында сайыс өтті.
Жетісу ауданына қарасты «Сұлтан Қорған» мешітінде өткен сайысқа қатысушылар Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, толыққанды мәні мен мағынасын ашуға тырысты. Ауданның жастар ісіне жауапты маманы Байдуллаев Өнербай қазіргі қазақ қоғамымен сабақтастыра ой бөлісті. Оқырман жамағат «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз», - деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы ислам дініміздің асыл діңгегін бойтұмар етіп, ұлағатты сөздері мен өскелең жас ұрпаққа қалдырған даналығы бүгінде таптырмас байлық екенін айшықтай түсті. Осынау іс-шараға ат салысқан қатысушыларға, келе жатқан Рамазан айына байланысты сұрақ-жауап кітабы тарту етілді. Жастар жағы алдағы уақытта осындай игі шаралар жалғасын тапса деген тілек айтты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі