ДІНИ САРАПТАМА ӨКІЛДЕРІ «НҰР-МҮБАРАК» КІТАПТАРЫН ТЕКСЕРДІ
ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы аясында Діни сараптама бөлімінің Алматы қаласындағы жауапты өкілі Тимур Алиев өзге де мамандармен бірге «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетіне қарасты кітапханалар мен мешіттердегі діни әдебиеттерді тексерді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – университет қабырғасында тәлім алып жатқан студенттер және жоғары білім дәрежесіне оқып жатқан магистранттар мен докторанттарға Ханафи мәзһабы, Матуриди сенім мектебіне сай діни еңбектерді жеткізу, әрі деструктивті ағымдарды насихаттайтын діни кітаптардың таралуына жол бермеу.
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті – еліміздегі діни білім беру саласының көшбасшысы. Бүгінде тәлімгерлерді жоғары деңгейде оқытып, ислам ілімін жаңғыртуға сүбелі үлесін сіңіріп келе жатқан бұл білім ошағында діни әдебиет қоры да аз емес. Бас-аяғы екі күнге созылған тексеріс нәтижесінде «Нұр-Мүбарак» университетіне қарасты кітапхана қорында жалпы 32 171 діни әдебиет тексерілді. Нақтырақ айтқанда, мешітте 3587, арнайы қорда 433, оқу залында 5312, абонемент пен қорда 22839 дана кітап бар. Осылардың ішінде қазақ тіліндегі кітап саны 10 285 болса, орыс тілінде 4560, түрік тілінде 2128, ағылшын тілінде 1762, ал араб тіліндегі 21 819 кітап тексерілді» деді Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков.