«ХАФИЗДЕН» АЛҒАШҚЫ ҚАРИ ШЫҚТЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы «Хафиз» қайырымдылық жеке мекемесінде Құранды толық жаттаған шәкіртке сертификат пен қаржылай сыйақы табыстады.
Бас имам «Қайрат» мешітінде «Миғраж түні» жайлы уағыз айтып, жамағатпен жұма намазын оқыды. Миғраж түнінің артықшылықтары мен 5 уақыт намаздың парыз болу уақиғасы айтылды. Жұма намазынан соң жас қари Мұратов Жандолла Тайырұлын марапаттады.
Жандолла Құран жаттауды 2020 жылдың қыркүйек айынан бастаған. Бүгінде Құранды толығымен жаттап, осы жылы Данияр қари Жұмабаев сынды ұстаздарға Құраннан емтихан тапсырды. Бас имам Төлеби Оспан Құран Кәрімнің 30 парасын толық жаттағаны үшін куәландыратын сертификат пен қаржылай 100 000 теңге табыстады. «Хафиз» қайырымдылық жеке мекемесінің директоры Мұсаев Данияр Жандоллаға ерекше зейіні мен ықыласы үшін алғыс білдірді.
Айта кетсек, қазіргі таңда Алматы өкілдігінде 5 қайырымдылық мекемесі жұмыс істейді. Осы мекемелердің жұмысын бірізділікке қою мақсатында ендігі жерде қариларға орталықтан сертификат беру қолға алынды. Ең алғашқы сертификат «Хафиз» қайырымдылық жеке мекемесінің шәкірті 2007 жылы туылған Жандолла Тайырұлына берілді. Марапаттау шарасында жас қариға бата берген 95 жастағы ақсақалдың иығына шапан жабылды. Елімізде қарилар саны көп болғай!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі