«ДАРХАН» МЕШІТІНДЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Алатау ауданының бас имамы Амантай Садиев «Дархан» мешітінде “Миғраж түнінің артықшылығы” тақырыбында жұма уағызын айтты.
Исра және Миғраж түніндегі сапар жайлы және жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесіп, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолыққан Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқиғасы айтылды. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгілерін көріп, бес уақыт намаз осы түнде парыз етілгені туралы жағдаят жамағатқа әсерлі жеткізілді.
Жұма намазынан соң аудан имамын «Дархан» мешітінің бас имамы Айдос Бердібеков мешіттің жөндеу жұмысынан кейінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бірнеше оң өзгерістер орын алған құлшылық үйі жамағатқа жайлы мешітке айналған. Заман талабына сай құрылған “JAUHAR” студиясына оң баға берді. Амантай Садиев алғысын білдіріп, алдағы жоспарларға сәттілік тіледі.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі