«ҚОШ КЕЛДІҢ, КӨКТЕМІМ!» РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы қаласы Наурызбай ауданының «Әбу Бәкір» мешітінде әйел жамағатына арналған «Қош келдің көктемім!» атты рухани кездесу өтті.
Рухани шараның негізгі мақсаты діни сауат ашу курсы бойынша діни білім алып, Құранға түскен шәкірттерді марапаттау. Сонымен қатар, келген жамағатқа Құранның қадір-қасиетін түсіндіріп, уағыз-насихат жасау боды. Арнайы кеш қонақтары ретінде ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілесбайқызы және «Балдыгүл ана» қыздар қарилық медресесінің директоры, ұстаз Гүлзат Акурпикова қатысып, уағыз-насихаттарын жеткізді.
Жылдың басынан Наурыз айына дейін 30 шәкірт Құранға түсіп, марапаттауға ие болды. Әйел-қыздар секторының Наурызбай ауданы бойынша жауапты ұстазы Ерланқызы Айгерімнің ұйытқы болуымен бұл іс-шараға 150-ге жуық қыз-келіншектер көрермен ретінде қатысты. Кеш барысында қонақтар арасында сұрақ-жауап айдары жүргізіліп, түрлі қызықты ойындар ойнатылды.
«Әбу Бәкір» мешіттің бас имамы Тағаев Нұрбол Сайлауұлы Құранға түскен шәкірттерді өз қолымен марапаттап, сый ретінде Құран кітабын табыстады. Шәкірттерді шын жүректен құттықтап, қолындағы Құраны айырылмас жолдастарына айналуын тілекші болды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі